Accessibility links

"Жағдай өте күрделі". Орталық Азия мемлекеттері еркін сөзді басып-жаншып отыр


Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева журналистердің сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 2 қыркүйек, 2024 жыл.
Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева журналистердің сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 2 қыркүйек, 2024 жыл.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы өзге де елдер БАҚ еркіндігі саласында "өте күрделі жағдай" қалыптасқан мемлекеттер қатарында қалып отыр. 2 мамырда "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы жариялаған Баспасөз еркіндігінің жаһандық индексінде Орталық Азиядағы бес мемлекет төменгі орындарда тұр. Ең қатты төмендеген ел – Қырғызстан, ол биыл бірден 24 орынға құлдыраған.

"Шекарасыз тілшілер" картасында Орталық Азиядағы бес мемлекеттің бәрі қою қызыл түске боялып көрсетілген. Үкіметі бұқаралық ақпарат құралдарына репрессиялық саясат жүргізетін елдер осындай түспен белгіленеді.

Қазақстан: журналистерді қамау, шабуылдар, интернетті өшіру

Штаб-пәтері Парижде орналасқан "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының дәстүрлі еркін сөз рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында, Гонконг пен Гондурастың ортасында тұр. Қазақстан былтырғы жылмен салыстырғанда бір орын жоғары көтерілген. Бұл сірә, әлемде жалпы сөз еркіндігінің ахуалы нашарлағанымен байланысты болса керек.

"Рейтинг түзілген уақыттан бері алғаш рет әлем елдерінің жартысында журналистік қызметтің жайы нашарлаған, тек әрбір төртінші елде қанағаттанарлық жағдайда", – деп жазылған "Шекарасыз тілшілер" есебінде. – Әлем халқының жартысынан астамы (56,7%) тұратын 42 елде жағдай "өте күрделі" деп бағаланды".

Баспасөз құқығын қорғаушылардың пікірінше, "Власть" онлайн-басылымы, "Уральская неделя" газеті, Respublika.kz және ҚазТАГ ақпарат агенттігі сынды санаулы ғана тәуелсіз БАҚ қалған Қазақстанның медиа кеңістігі шын мәнінде "режимнің үгіт-насихат арнасына" айналған. Кәсіпқой журналистер YouTube, Telegram, Instagram платформаларында үкіметшіл медианың нарративімен үндеспейтін көзқарас ұстанатын Protenge, "За нами уже выехали" және "Гиперборей" секілді балама жобалар ашқан.

Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің Азаттыққа абақтыдан жазған хаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:46 0:00

Астана "БАҚ-та ірі оқиғалар жайлы хабар таратуға кедергі келтіру үшін "қолынан келетін тетіктің барлығын – ұстау, шабуыл жасау, телекоммуникациялар мен интернетті өшіру – қолданады", – деп жазған баспасөз құқығын қорғаушылар. Елде ақпаратқа қол жеткізу қиын, үкімет брифингтерінде қойылатын журналистік сұрақтар цензураға тап болады. Мемлекеттен тапсырыс алып, үгіт-насихат жүргізетін жекеменшік БАҚ-қа үкімет сол жұмысы үшін ақша төлейді және мемлекеттік немесе мемлекет қадағалайтын БАҚ-тың бас редакторларын тағайындауды бақылауда ұстайды.

2024 жылы қабылданған "Масс-медиа туралы" заң цензурамен бетпе-бет келіп жүрген БАҚ-қа биліктің бақылауын одан сайын күшейтті, деп жазды "Шекарасыз тілшілер". СІМ енді "кез келген [шетелдік] БАҚ-қа немесе журналиске аккредитация бермей қою" құзіретіне ие болды.

Кейбір БАҚ кибершабуылдарға ұшырап жатыр, ал журналистер кәсіби қызметіне байланысты қорқытып-үркіту мен шабуылдарға жиі ұшырайды, деп жазылған есепте. Үкімет ұстанымына сай келмейтін журналистерге қамауға алыну қаупі төнеді, ал кейбірі, Pegasus жобасы көрсеткендей, кибершпионаж нысанасына алынуы мүмкін, дейді "Шекарасыз тілшілер".

Былтыр қарашада елдің ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева "Шекарасыз тілшілер" ұйымының рейтингіндегі Қазақстанның орны жөнінде журналистердің қойған сұрағына елде сөз еркіндігі шектелмейді және оған байланысты ешқандай проблема жоқ деп жауап берген.

– Бағалау әдістері түрліше болатыны сияқты, рейтингтер де әртүрлі болады. Бірақ қандай шектеу бар, соған шынайы қарайықшы. Не қаласа соны жазып, сынға алып жатыр. Кейде шынымен аса қатты сын айтады. Қай жерде шектеу бар? Мен мұнда ешқандай шектеу көріп тұрған жоқпын, Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп есептеймін, – деп мәлімдеген Аида Балаева журналистер алдында сөйлеген сөзінде.

Қырғызстан: цензураның күшеюі және "шетел агенттері туралы" заң

Қырғызстан бір жылда "Шекарасыз тілшілер" рейтингінде 24 орын төмендеп, 144-орынға тұрақтады. Бұрын Орталық Азиядағы салыстырмалы түрде еркін ел саналатын мемлекетте 2022 жылдан бастап БАҚ-қа қысым күшейіп келеді, деп жазған есеп авторлары.

Kaktus.media, Politklinika және Kloop.kg тәрізді танымал онлайн ресурстар қудалауға ұшырады, кейінгі кезде олар аса қиын жағдайда қалып отыр. Kloop сияқты жосықсыз бұғатталып қалатын веб-сайттар барған сайын көбейіп жатыр. Билікті сынайтын материалдар жариялаған редакциялар мен журналистер жалған айыптар бойынша тінту мен қудалауға тап болады.

Билік болса цензураны күшейтіп, БАҚ еркіндігін шектейтін заңдарды қабылдап жатыр. Президент Садыр Жапаров Конституция мен халықаралық міндеттемелерге қайшы келетін "Жалған ақпараттан қорғау туралы" заңға қол қойды, деп жазды баспасөз құқығын қорғаушылар. Олар қазір талқыланып жатқан БАҚ туралы заң жобасында ірі айыппұлдар мен қайта тіркелу жөнінде мазмұны бұлыңғыр талаптар қарастырылғанына да алаңдап отыр.

Қырғызстанда Ресейдегі заңның үлгісімен жасалып, қабылданған заң бойынша, шетелден қаржылай көмек алатын тәуелсіз БАҚ "шетел агенті" деп аталады. Жемқорлық тамырын тереңге жайған елде журналистік зерттеулер әркез жұрт назар аударады, бірақ қоғамның ауқымды бөлігіне тәуелсіз БАҚ-ты "халық жауы" және "Батыстың құйыршығы" ретінде көрсетуге әуес үкіметтің үгіт-насихаты да әсер етпей қоймайды.

Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары қысымға ұшырайды, Болот Темиров құрған Temirov LIVE жобасының 11 журналисінің ұсталғаны соның дәлелі, деп жазады "Шекарасыз тілшілер" ұйымы. Қырғыз билігі жобаның авторын Ресейге депортациялады, ал оның әйелі, әлгі ұсталған 11 журналистің бірі Махабат Тәжібек қызын биыл сот жаппай тәртіпсіздікке шақыру ісі бойынша кінәлі деп танып, алты жылға бостандығынан айырды. Тағы бір адам 5 жылға сотталды, екі адам үш жыл шартты жаза алды, қалғандары ақталды.

Өзбекстан: еш өзгеріс жоқ

Өзбекстанда 2016 жылы президент Ислам Каримов қайтыс болып, билік басына Шавкат Мирзияев келгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайы болмашы ғана жақсарды, деп есептейді "Шекарасыз тілшілер". Бұл ел халықаралық ұйымның рейтингінде былтырғыдай, биыл да 148-орында тұр.

Өзбекстанда жекеменшік телеарналар жоқ, мемлекеттік БАҚ үгіт-насихат таратады. Шамамен 15 онлайн-басылым ғана сапалы контент жариялайды, олардың қатарында Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы да бар, ел аумағында оның сайты бұғатталған деп атап өткен баспасөз құқығын қорғаушы ұйым.

Билік БАҚ-тарды және үкіметпен байланысы бар блогерлердің үлкен тобын айтарлықтай дәрежеде қадағалап отыр. "Шекарасыз тілшілер" Өзбекстанның БАҚ туралы заңнамасы репрессивті сипатта, елде бақылау мен өзіндік цензура кең таралған дейді. Еркін баспасөзді қолдайтын шетелдік ұйымдар тарапынан қаржыландыруды шектейтін ережелер мен қолданыстағы заңдар тәуелсіз БАҚ-тың дамуына тұсау салып отыр деп жазады есеп авторлары.

Халықаралық ұйым Өзбекстанда журналистер, солардың арасында 20 жылға жуық түрмеде отырып, Мирзияев билікке келген соң босатылғандар да әлі күнге ақталмағанына көптің назарын аударған.

"Блогерлер бәз баяғыдай қоқан-лоқы көріп немесе қамауға алынады, мысалы, Xalq Fikri ("Халық пікірі") YouTube арнасының негізін салушы Отабек Саттори сондайға тап болды. 2021 жылы мамыр айында ол "жала жапты" және "бопса жасады" деген ойдан шығарылған айыптар бойынша сотталып, алты жарым жылға түрмеге қамалды. Оның ісі бойынша сот процесіне қатысуға талпынған тілшілер физикалық шабуылға ұшырап, жосықсыз қылмыстық қудалауға тап болды, – деп жазылған есепте. – Қарақалпақстанның автономиялық республика ретіндегі конституциялық мәртебесін қолдаған митингілерден хабар дайындаған тілшілерге қарсы репрессиялар биліктің өзге пікір айтқандардың, әсіресе теңдік талап еткен аз ұлт өкілдерінің үнін өшіргісі келетінін көрсетеді".

Тәжікстан: билік БАҚ-ты қатаң бақылауда ұстап отыр

Тәжікстан "Шекарасыз тілшілер" рейтингінде былтырғыдан екі орынға жоғарылап, биыл 153-орынға жайғасты. Алайда мемлекетті 30 жылдан астам уақыт билеп отырған, "бейбітшілік пен бірліктің негізін қалаушы әрі ұлт көшбасшысы" деген атағы бар президент Эмомали Рахмонның тұсында елде БАҚ-тың жағдайы нашарлап барады деп жазды баспасөз құқығын қорғаушылар.

Биліктің қысымы салдарынан көптеген тәуелсіз БАҚ, мысалы, "Озодагон" газеті мен "Ахбор" сайты жабылып қалды, ондаған журналист елден кетті. Жаңалық сайттары мен әлеуметтік желілердің үнемі бұғатталатыны кейбір редакцияларды шетелге көшуге мәжбүр етті.

Үкімет БАҚ контентін шұқшия сүзіп қадағалайды. Тәуелсіз басылымдар ресми ақпаратқа қол жеткізе алмай, құқықтары қатты шектеледі. Биліктің атына сын айтқан журналистер арнайы қызметтердің қырына ілініп, қорқытып-үркіту мен бопсаға тап болады.

Таулы Бадахшан автономды облысындағы (ТБАО) наразылықты биліктің қатаң басып-жаншығаны туралы кез келген хабар жариялауға тыйым салынған, оны бұзғандар тұтқынға алынып, қудалауға ұшырайды.

"Араздық қоздыруға" және "жалған ақпарат таратуға" қатысты заң ережелері журналистерді режимге ешбір сын айтуға болмайтын жағдайға жеткізіп, үрейде ұстап отыр. Үкіметтің "қытығына тиетін" тақырыптарға журналистік зерттеу жүргізу олардың өздері мен достарына және отбасына қауіп төндіреді деп есептейді "Шекарасыз тілшілер". Кейінгі жылдары елде бірнеше журналист ұзақ мерзімге түрмеге қамалды, мысалы, Рухшона Хакимова мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен биыл ақпанда сегіз жылға сотталды.

Рухшона Хакимова балаларымен бірге. Отбасы архивіндегі фото
Рухшона Хакимова балаларымен бірге. Отбасы архивіндегі фото

Түркіменстан: билікті мақтауға ғана рұқсат бар

Түрікменстан Баспасөз бостандығы индексінде 174-орында тұр. Өзін өзгелерден томаға-тұйық, жабық ұстайтын елде жаңалық хабарлар тек биліктегі режимге – президент Сердар Бердімұхаммедов пен оның әкесі, бұрынғы президент Ғұрбанқұлы Бердімұхаммедовке мадақ айтудан тұрады, деп жазды есеп авторлары. Үкімет барлық медиаға қатаң бақылау орнатқан, олар "Түркіменстанның жарқын келбеті" жайлы мемлекеттік үгіт-насихат қана таратады.

Түрікменстан азаматтары интернеттегі әлемдік ақпарат көздеріне қол жеткізе алмайды, ғаламдық желідегі бұғатты айналып өтетін арнайы құрал пайдаланғандарға айыппұл салынады.

Turkmen.news, "Түрікменстан Хроникасы" сияқты тәуелсіз немесе оппозициялық БАҚ шетелден жұмыс істейді. Елде қалған санаулы журналистер мен шетелдегі редакцияларға ақпарат берушілер басын қауіп-қатерге тігіп, жасырын түрде жұмыс істеуге мәжбүр.

Президент пен басқа да ресми тұлғаларды сынауға қатаң тыйым салынған. Ережелерге мойынсұнбаған журналистер қудаланып, түрмеге жабылды, азапталды, ал кейбірі көз жұмды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG